Қостанайда медицина саласының басшылары ұсталды.
Облыста медициналық құрылғыларды сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық схемасы анықталды. Миллиардтаған қаражат жымқырылған. Қажеттілігі төмен құрылғыларды қымбат бағаға сатып алу фактілері әшкереленді. Келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгеден асты.
Тергеу барысында «Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» ММ-ның бұрынғы басшысы мен қазіргі орынбасары, аудандық аурухананың бас дәрігері және құрылғыларды жеткізген өнім беруші ұсталды. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Қостанай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі осылай деп хабарлады. Тергеу жалғасып жатыр.
