Петропавл халықаралық әуежайы банкрот алдында тұр. Әуежай қызметкерлері бірнеше айдан бері еңбекақысыз отыр. Жұмыскерлердің алдындағы компанияның берешегі – 24 млн теңгеге жуық. Бұл туралы СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Петропавл халықаралық әуежай қызметкерлері өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қоғамдық қабылдауына онлайн қатысты. «Екі айдың ішінде әуежай банкрот деп танылу үшін арнайы процедураны өтеді.
Компания «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының балансына өтеді. Мемлекет меншігіне алады. Келер жылдың бюджетіне әуежайды ұстауға қажет қаражатты енгіздік. Барлық шығын жергілікті бюджет есебінен өтеледі», – деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов. Қоса кетсек, бұрынғы рейстерден бөлек, жаңа бағыттар бойынша да ұшақтар шығарылмақ. Мамандардың жұмыс орны сақталады, және еңбекақылары да өседі. Петропавл халықаралық әуежайы осыдан 4 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Қазір аталған әуеайлағынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына ғана әуе рейстері қатынайды.