Петропавл ЖЭО-да салынып жатқан жаңа мұржа қисайып кетті

Қазір барлық жұмыс шұғыл тоқтатылды. Жаңа нысан опырылып құлаған мұржаның орнына салынып жатыр. Оның қисайып бара жатқанын жергілікті тұрғындар байқап қалған “Солтүстікқазэнерго” компаниясы мұржаның қисайып кеткенін растады. “Құрылыс-монтаждауға жауапты жұмысшылар мұржаның жобадағы сызықтың бойынан ауытқып кеткенін анықтады”, – дейді компания мамандары. Жобалық ұйым есеп-қисап жасауға кірісті. Мамандар мұржаны қай жерден құюға болатынын есептеп шығарады. Ал құрылысшылар конусты қалыпты бөлшектеуді бастады. Айта кетері, жаңа мұржаның биіктігі 180 метр болады. Бұрынғы нысан 150 метрден аспаған. Бұған дейін мұржаның 30 метрі салынған. Оның қай жерге дейін бұзылатыны әзірше белгісіз. Биыл темір-бетон діңгегі толығымен көтеріледі. Ал келер жылы 1 түтін мұржасы іске қосылады. Еске сала кетсек, Петропавлдың бұрынғы мұржасы былтыр опырылып құлады. Төтенше жағдай салдарынан 38 жастағы әйел қайтыс болған еді.