Полиция қаза болған отбасы туралы жеке деректің таралуы жөнінде: Ақпаратты біз таратқан жоқпыз

Алматы қалалық полиция департаменті бір күн бұрын тоғызыншы қабаттан құлап, қаза болған әйел мен балаларының жеке деректерінің таралып кетуіне байланысты түсініктеме берді. “Біз ондай мәліметті таратпаймыз…[Кімнің таратқанын] міндетті түрде тексереміз” деді қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Евгений Лысенко Азаттық тілшісіне. 22 қарашада жергілікті полиция бір әйел үйдің тоғызыншы қабатынан үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен деп хабарлаған. Қайғылы оқиға Жетісу ықшам ауданында болған. 28 жастағы әйел мен оның алты, бес және екі жастағы үш баласы көз жұмған. “Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, оқиға себебі мен жай-жапсарын анықтау үшін жедел тергеу тобы құрылған.