Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болған Мақаншы ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бірнеше күн бұрын мал ұрлады деген айыппен тұтқындалған ер адамның қайтыс болуына полиция қызметкерлері кінәлі деп күдіктелуде.
Аймақ басшысы қайтыс болған Азамат Оразалының анасы мен туыстарына көңіл айтты.
“Марқұмның ата-анасы мен барлық туыс, бауырларына және достарына қайғырып көңіл айтамын. Бұл жағдай үкімет басшысының жеке бақылауында екенін ерекше атап өткім келеді”, – деді Үржар ауданына жасаған сапарын қорытындылаған Ахметов.
Әкімнің айтуынша, қазір облыста полиция департаментінің бастығы мен облыс прокуроры бастаған арнайы топ жұмыс істеп жатыр.
“Бұл істің сотқа дейінгі тергеуі заң аясында мейлінше ашық және жариялы түрде жүргізілетіндігіне сендіремін. Жақын күндері ауданға тағы да келемін. Қылмыскерлер заңда белгіленген жазасын алады. Бұл менімен кездесуге келген Қаратұма және Мақаншы ауылындағы ақсақалдар мен тұрғындардың басты өтініші, – деп жазды Ахметов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.