Рақымшылыққа ілінгендерден соттылық алынады, бірақ жазба қалады – Шындалиев

Рақымшылық жасалған адамдардан соттылық алынады, бірақ “рақымшылық қолданылды” деген жазба қалады. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Рақымшылық туралы заңға сәйкес, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар сот үкімін күтпей, рақымшылықты қолдану туралы өтініш жаза алады. Олардан соттылық алынады. “Теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандардан соттылық алынады. Бірақ “рақымшылық қолданылды” деген жазба қалады. Олар мемлекеттік қызметке жұмысқа орналаса алмайды”, – деді Шындалиев. Айта кетері, рақымшылық бойынша ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, аса ауыр қылмыстар үшін жазаның жартысы қысқартылады.