Дәрігерлер үш адамнан тұратын бригада 3 жасар қыздың өмірі үшін 5 сағатқа жуық күресті. Қыздың бауыры шөп шабатын электршалғымен ойнап жүріп, бұта арасындағы қарындасын байқамай қалған. Соның салдарынан балақайдың қарын тұсынан осып өткен. Ішек-қарны ақтарылып қалған,-деп хабарлайды “Еуразия” бірінші арнасы. “Тілік оң жақ қабырға бойынан басталып, сол жақ арқасына дейін болған. Баланың ішектеріне, асқазанына, бауырына зақым келді. Асқазаны екіге бөлінген, бауырының бір бөлігін тіліп түскен. Бүкіл ішектері бірнеше жерден кесілген. Қызды аман алып қала алдық. Бұл ең алдымен ауылдық дәрігерлік амбулаторияның, Явленка аудандық ауруханасының білікті мамандарының арқасы. Олар тез арада дұрыс шара қолданып, жағдайды тұрақтандырып, қажетті дәрі-дәрмек беріп, ауырсынуды басты. Аудандық аурухананың реаниматологы жағдайды бақылауда ұстап, қажетті анестезиялық-реанимацияны жоғары деңгейде жүргізді. Қыздың қысымы 0-де болған. Ол маңызды мүшелердің жұмысын қалыпқа келтіріп, санитарлық авиацияға тапсырды”, – дейді СҚО көпсалалы балалар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрлан Айманов. Қазір сәби жансақтау бөлімшесінде. Бүкіл қажетті ем-дом көрсетіліп жатыр.