Шетелдік көліктерді заңдастыру: Тоқаев үкіметті сынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесіне байланысты үкімет жұмысын сынға алды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. “Біз шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру туралы шешім қабылдадық. Алайда Үкімет ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізген жоқ. Соның кесірінен, жұрт бұл науқан қалай жүргізілетінін білмей, әуре-сарсаңға түсіп жүр”, – деді Тоқаев. Мемлекет басшысы халық нақты қандай көліктерді заңдастыруға болатынынан да хабарсыз екенін айтты. “Мұндай маңызды мәліметтер азаматтарға қолжетімді болуға тиіс және оны сенімді ақпарат көздерінен алуы қажет. Елді алаңдатып, дүрбелең туғызбау үшін Үкімет мұның бәрін тұрақты түрде халыққа қарапайым тілмен түсіндіріп отыруы керек”, – деді Президент.