Шымкент қаласының бас санитар дәрігері қалада карантин шараларының мерзімі ұзартылғаны туралы мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Еліміздің үшінші мегаполисінде 20 шілдеге дейін мектепке дейінгі мекемелер (балабақшалар мен орталықтар), барлық спорт нысандары, фитнес-орталықтары мен жабық алаңдар, спорт бассейндері, кешендер мен секциялар, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары, сән орталықтары, маникюр және шаштараздар, монша, сауна, СПА салондары мен массаж кабинеттері, фастфуд, балмұздақ пен сусын, тәтті сататын дүңгіршіктер жұмысын тоқтатады.
Сондай-ақ автокөлік жуу бекеттері мен кинотеатрлар, түнгі клуб, ойын-сауық орталықтарындағы балалар және мұз алаңдары, батуттар мен фудкорттар, жәрмеңкелердің де жұмысы шілденің 20-сына дейін тоқтатылады. Ашық аспан астында жұмыс істейтін және жеткізіп беру қызметінен бөлек, тамақтану орындары да жұмысын шектейтін болады. Қалада спорттық және басқа да көпшілік іс-шараларды, отбасылық жиындарды, отбасылық мереке іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.
Адамдар шоғырланатын кез келген нысанның (діни де) жұмыс істеуіне тыйым салынады. Қызмет көрсету нысандардың жұмысы сағат 09.00-ден 18.00-ге шектеледі. Демалыс күндері оларға жұмыс істеуге болмайды.
Автосалон, азық-түлік емес тауарлар сататын нысандар мен сауда орталықтары, ондағы азық-түлік дүкендер де сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемейді. Химиялық тазалау, кілем жуу, киім және аяқкиім тігу, өңдеу нысандары да дәл осындай режимде жұмыс істейтін болады. Жұмыс күндері кезек болмас үшін тек алдын ала жазылу арқылы жұмыс істеуге рұқсат.
Азық-түлік және басқа да базарлар жұмыс күндері таңғы сағат 06.00 мен 13.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Демалыс күндері оларға жұмыс істеуге тыйым салынады.
Ашық алаңда жұмыс істейтін тамақтану орындары жұмыс күндері сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс істей алады. Демалыс күндері жеткізу қызметінен басқасына жұмыс істеуге рұқсат берілмейді. Сонымен қатар Шымкент қаласының тұрғындарына бетперделік режимді сақтау міндеттеледі. Тұрғындар жұмыс орнында, қоғамдық орында, көлікте бетперде тағулары тиіс.