Сот Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бостандығынан айырып, жазаны 3 жылдан соң өтеуді міндеттеді

Атырау қаласының №2 соты Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бостандығынан айыру, алайда кәмелетке толмаған балалары барын ескере отырып, жазаны үш жылдан кейін өтеу жөнінде үкім шығарды. Сот үкімінде Бақытгүл Хаменованың мүлкі тәркіленетіні, “Құрмет” ордені мен мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылғаны көрсетілген. Сот залынан уақытша бостандыққа шыққан соң Бақытгүл Хаменова “сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін” мәлімдеді. Бақытгүл Хаменова ісімен бірге қаралып жатқан Атырау облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Ақылбек Рысқалиевті судья Жұмағали Тәшімов 7 жылға, “Балқыту” ЖШС директоры Өміртай Адамовты 4 жылға бостандығынан айырды.