Судья мен прокурордың саунадағы видеосына қатысты тексеріс қорытындысы жарияланды

Төтенше жағдай кезінде Алматы облысы Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Д.З.Сейітовтің саунада демалуы, оны видеоға түсіріп жариялауы судьялық әдеп кодексіне қайшы. Судья әдебі жөніндегі комиссия осындай қорытынды жасады деп хабарлайды Sputnik.

“Қазіргі таңда Сейітовке қатысты материал Алматы облыстық сотының пленарлы отырысының қарауында жатыр” делінген комиссия хабарламасында. Жоғарғы сот судьяларды жұмыстан шығару бірнеше кезеңнен тұратынын атап өтті.

Біріншіден, Судья әдебі жөніндегі комиссия нақты жағдайға тексеріс жүргізіп, судьяның сот этикасын бұзып-бұзбағанын анықтап, қорытынды жасайды. Егер заңбұзушылық анықталса, облыстық соттың барлық судьясы қатысатын жалпы отырыста жасырын дауыс беру арқылы тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы істі Жоғарғы сот кеңесі жанындағы Сот жюриіне жолдау мәселесін шешеді.

Бұл ретте судья Жоғарғы сот кеңесіне Сот жюриінің оны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешіміне шағым түсіруге құқылы. Тек содан кейін ғана Жоғарғы сот кеңесі шешім қабылдай алады. Еске сала кетсек, желіде тараған саунадағы видео мамыр айының басында Жаркенттегі саунада түсірілген. Автор төтенше жағдай кезінде саунада әріптестерімен бірге қалай демалып жатқанын көрсеткен.

Прокурордың қасында Алматы облысы аудандық сотының судьясы болған.Осы оқиғадан кейін Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Алматы облысы Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Сейітовтің өкілеттігін тоқтатты. Алматы облысы Панфилов ауданының прокуроры Саян Шалғымбаев жұмыстан қуылды.