Қ.Тоқаев азаптау фактілерінен хабардар ма?

Мемлекет басшысы сұхбат барысында қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандардың құқығының қорғалуы мен оларға қатысты азаптау фактілері жайлы да пікірін білдірді. Әсіресе талдықорғандық Азамат Батырбаевтың қалай азапталғаны, тіпті арқасынан үтік басылғаны жұрт арасында біраз толқу тудырғаны рас. Ал осы жайттардан Президент қаншалықты хабардар? – Бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейнеүндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға тапсырма бердім. Шаш ал десе, бас алатын әрекеттерге жол беруге болмайды ғой, – деді ол. Мемлекет басшысы бүгінде құрамында белгілі құқық қорғаушылар бар қоғамдық комиссия тыңғылықты жұмыс істеп жатқанын, олардың жұмысына ешкімнің кедергі келтірмейтінін де айтып өтті.