Вакцинаның жалған паспортын жасау ісі бойынша тағы 26 іс тергеліп жатыр, 86 адам күдікке ілінді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі вакцинаның жалған паспортын жасау фактілері бойынша 13 аймақта сотқа дейінгі 26 істі қарай бастады. Бұл туралы 6 қыркүйекте ведомствоға сүйенген Vlast сайты жазды. “Қазір Қаржыны реттеу агенттігі вакцинаның жалған паспортын жасау фактілері бойынша 13 аймақта 26 істі қарай бастады. 86 адамға қылмыстық жауапкершілік төніп тұр” деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі. Ведомство мәліметінше, бір факт Оралдағы ауруханалардың бірінде тіркелген. Ресми ақпаратқа қарағанда, медицина қызметкері бірнеше адаммен астыртын келісім жасасып, денсаулық сақтау министрлігінің “Вакцинация” атты электронды модуліне азаматтардың екпе алғаны жөнінде өтірік белгі қойған. Сол үшін ақша алған. Осылайша 15-тен астам адамға жалған құжат сатылған. Ведомствоның хабарлауынша, тапсырыс берушілердің басым бөлігі – мектепке дейінгі білім мекемелері мен сауда орындарының қызметкерлері.