Өзбекстанда сәбіз күрт қымбаттады

Өзбекстанда енді палауға сәбіз аз мөлшерде қосылатын секілді. Себебі көрші елде көкөністің бұл түрі күрт қымбаттап кетті. Ташкент тұрғындары сәбіздің құны 3 есеге дейін шарықтап кеткендігін айтады. Қазір базарлар мен дүкендерде сәбіз 360 пен 440 теңге төңірегінде саудаланып жатыр. Кей мамандар бұндай өзгерістің басты себебі өзбекстандық сәбізді импорттаушы елдерде бағаның өскендігімен байланыстыруда. Яғни жергілікті диқандар арзан бағаға ел ішінде сатқаннан гөрі сыртта саудалап, пайда тапқанды жөн санайды. Салдарынан республика төңірегінде былтырдан қалған сәбіздің тапшылығы қатты сезіліп отыр. Ал жаңа өнім әлі пісіп үлгірмеді. Бірақ ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның күрт өсуіне экспорттың еш қатысы жоқ деп отыр. Бәріне кінәлі ауа райы дейді ведомство өкілдері.