Жаңаөзендегі жарылысқа қатысты тергеуді прокуратура өз бақылауына алды

Маңғыстау облысының әкімдігінің мәліметінше, үйінді астында қалғандардың барлығы сыртқа шығарылды. Жарылыс кезінде 3 пәтерге зиян келді. Апаттан кейін үй газ желісінен бірден ажыратылды. Қазіргі уақытта үйінділерді тазалау жүргізілуде. Апаттың себебі мен мән-жайы толық анықталады. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен ауруханасына жатқызылған апаттан зардап шеккен тұрғындардың жайын білді. Олар травматология бөлімшесінде ем алып жатыр. Ал жағдайы ауыр тұрғындар жансақтау және қарқынды терапия анестезиология бөлімшесіне, бір пациент облыстық ауруханаға жедел авиациялық тікұшақпен жеткізілді. “Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, жаңа тұрғын үй беріледі. Апаттық жұмыстарға көмек көрсеткен еріктілер мен қала тұрғындарына алғыс айтамын”, – деді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.