Жаңатаста төтенше жағдай режимі енгізілді

Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жұрт жарық пен жылусыз қалды. Жаңатас қаласы мен Сарысу ауданында екпіні 30 м/с-қа тең қатты жел соққан. ““ЖаңатасСуЖылу” МКК жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының жұмысы үшін жеткіліксіз болып тұр. Дауыл салдарынан Жаңатас қаласындағы шамамен 20 электр бағанасы құлады. Желдің жоғары жылдамдығы оларды қалыпқа келтіруге мүмкіндік бермей тұр”, – деп хабарлады Жамбыл облысының әкімдігі. “Шахан” қосалқы станциясында қондырғылар салқындап кеткендіктен жылу жүйесіндегі суды ағызу туралы шешім қабылданған. Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен үш мектепте жылыту пунктері дайындалып, тұрғындар ыстық тамақпен қамтылып жатыр. Қазір жедел штаб жұмыс істеп жатыр.