Жалған вакцина паспорты мен ПТР-анықтама сатқан 20 медицина қызметкері ұсталды

Қазақстанда жалған ПТР-анықтама мен вакцина паспорттарын сатты деген күдікпен 20 медицина қызметкері ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Күдіктілер жалған құжаттарды, тіпті, теміржол вокзалдарында, әуежайлар мен мемлекеттік шекараның өткізу пунктерінде де сатқан. “28 адамның ПТР-анықтама мен вакцина паспортын қолдан жасағаны әшкере болды. Оның ішінде 20 – медицина қызметкері, 8 – делдал. Сонымен бірге әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жалған вакцина паспорты мен ПТР-анықтама сатылатыны туралы 70 хабарлама анықталды, оның 37-сі бұғатталды”, -деді Ораз. Ол аталған санаттағы істер бойынша тергеу-сот практикасы құрылғанын атап өтті. ІІМ ресми өкілі барлық қылмыстық істі тергеу бақылауда екенін мәлімдеді.