Жаркент маңында ер адам 15 жасар қызды “зорлап өлтіргеннен” кейін ауылда қауіпсіздік шарасы күшейтілді

Жетісу облысы Жаркент маңындағы Шолақай ауылында 15 жасар қызды жергілікті тұрғын “зорлап өлтіргеннен кейін” ауылға арнайы жасақ тартылып, қауіпсіздік шарасы күшейтілді. Кей ақпаратқа қарағанда, интернет те өшірілген. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жергілікті билік күдіктіні халық өз бетінше жазалайды дегеннен қорқып, ауылға полиция мен ұлан жасағын әкелген. Ақпаратқа қарағанда, 15 жастағы мектеп оқушысы 21 шілдеде құрбысына кетіп, үйіне оралмаған. Шамамен бір апта өткен соң қыздың денесі ауыл маңынан табылған. Күдікті ретінде 38 жастағы Шолақай тұрғыны Рустам Ахметов ұсталған. “Время” басылымының жазуынша, “қыздың телефонына күдіктінің хабарласқаны туралы дәлел көрсеткеннен кейін” Ахметов “кінәсін мойындаған”. Ол “қылмысты жасыру үшін қызды пышақтағанын, өлтіргеннен кейін денесін өртегенін” айтқан. “Күдікті көмген жерді көрсетті. Ол жәбірленушіні ауыл маңына көмген. Қыздың денесі сот-медицина сараптамасына жіберілді” деп жазды басылым. “Адам өлтіру” және “Кәмелетке толмаған баланы зорлау” баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.