Жасанды интеллект адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің қаупі туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ”, – деді президент Digital Bridge 2023 форумында. Яғни, жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет, деп атап өтті мемлекет басшысы. “Мысалы, кезінде атом энергетикасымен қатар атом қаруы пайда болды. Сол кезде жаһандық қауіпсіздікті сақтау үшін жаңа қағидаттар қалыптасты. Бұл – технологиялық даму заманында ұжымдық қауіпсіздік мәселесі бақылауда болуы керек деген сөз”, -деп түйіндеді сөзін Тоқаев.