Жетісу облысында су басқан 22 үй сүріледі

Өйткені бұл үйлер апатты деп танылды. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады. “Ескелді ауданындағы Ешкіөлмес және Абай ауылдарында жаңбыр суынан зардап шеккен үйлер толық тексеріліп, 89 үйге залал келтірілгені анықталды. 67 үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіледі”, – делінген хабарламада. Елді мекендердің көшелері мен аулалары батпақ пен қоқыстан тазартылды. 200 тұрғын үй ауласынан 200 тонна қоқыс шығарылды. ТЖ салдарын жою шараларына 400 адам, 50-ден астам техника тартылған. Жергілікті билік органдары алдағы уақытта мұндай төтенше жағдайды болдырмау үшін канал арналарын тазалау, каналдың өткізу қабілетін ұлғайтып жатыр. Материалдық шығынды есептеу толық аяқталғаннан соң, зардап шеккен тұрғындардың бәріне тиісті материалдық көмек көрсетіледі,- деді облыстық әкімдіктегілер.