Жол ережесін бұзатын жүргізушілер мобильдік қосымша арқылы анықталады

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек осылай деп мәлімдеді. «Ведомство тапсырмасы бойынша «Қорғау – қауіпті жүргізуші» мобильдік қосымшасы жасалды. Онда «Сергек» жүйесі камералары мен ІІМ жедел басқару орталықтары қызметінің мүмкіндіктері біріктірілген. Мобильдік қосымшаға келіп түскен мәліметтер дереу полиция қызметкерлерінің планшеттеріне түседі. Бұл жол қозғалысын бұзған автомобильдерді нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді», – деді Шұғыла Тұрлыбек. Оның айтуынша, аталған қосымшаның көмегімен жалған мемлекеттік нөмірлі автомобильдерді, техникалық байқаудан өтпеген және сақтандыру полисі жоқ көлік иелерін анықтауға болады. Әкімшілік айыппұлдарды төлемей жүрген көлік иелерін табуға болады.