10 күннен кейін кейбір дәрілер тегін беріледі

Коронавирустан үйінде емделіп жатқан науқастар парацетамол мен антиагулянттарды он күннен кейін өзі тіркелген емханадан тегін ала алады. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстанда амбулаторлық деңгейде ем алып жатқан пациенттер үшін коронавирустан емдеу хаттамасына 5 препарат қосылды. Олар: парацетамол, ибупрофен және Ривароксабан, Апиксабан, Дабигатран антикоагулянттары.

“Науқастар амбулаторлық деңгейде бұл дәрілерді тегін алуы үшін бірқатар құжатқа өзгеріс енгізілді. Хаттамаға жаңа қосылған препараттарға бүкіл өңір өтінім берді. Қазір Бірыңғай дистрибьютор сатып алу процедурасын жүргізіп жатыр. Он күннен кейін дәрі-дәрмектер коронавирустан амбулаторлық деңгейде емделіп жатқан пациенттерге қолжетімді болады”, – деп жазды Бюрабекова желіде.

Ол коронавирус диагнозы қойылған пациенттер препараттарды өзі тіркелген емханадан, тек дәрігердің тағайындауымен тегін ала алатынын атап өтті.
Егер пациентке бұл дәрілер тегін берілмесе, Бірыңғай дистрибьютордың 1439 байланыс орталығына хабарласып шағымдануға болады.