4 пайыздық несиемен берілетін көліктердің тізімі жарияланды

Олар – Chevrolet, Kia, Lada, Renault, UAZ. Көлік құны 10 миллион теңгеден аспауы тиіс. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы туралы хабарлады. «Министрлік 2027 жылға дейін жеңілдетілген автонесиеге 250 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 150, ал «ӨКМ Операторы» ЖШС утильалым төлемінен 100 миллиард теңге жұмсалады. Биыл бюджет тарапынан бастапқыда 30 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Келер жылы 45, ал 2024 жылы 50 миллиард беріледі», – делінген хабарламада. Үкімет утильалым төлемі тарапынан ақша бөлу идеясын қолдаған жағдайда, 100 миллиард теңге халықтың осал топтары үшін бастапқы жарнасыз несиеге бөлінеді. 10 миллион теңгеден қымбатырақ көлік сатып алғысы келгендерге айырмашылықты өз қалтасынан төлеулеріне тура келеді. Ал банктер тұтынушылардан бастапқы жарнаны талап ету немесе талап етпеу мәселесін өздері шешпек. Ведомство өкілінің айтуынша, қазір 15 мыңнан астам қазақстандық жеңілдетілген автонесиеге кезекте тұр.