Токиодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының төрағасы, Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Йосиро Мори өзіне қатысты жанжалдан кейін қызметтен кетуге ниетті екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Kyodo News.
Мори өзінің шешімін ресми түрде 12 ақпанда “Токио-2020” ұйымдастыру комитетінің отырысында жариялауы мүмкін.
Йосиро Мори әйелдердің қатысуымен өтетін жиналыс өнімділігіне күмән келтіретінін және олар қатысқан спорттық ұйым жиналысы ұзаққа созылатынын айтқанан кейін сынға ұшырды. Оның пікірінше, бұл әйелдер қауымының көп сөйлейтіндігіне және әрқайсысы өз ойын айтуды міндеті деп санайтындығына байланысты.
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) төраға мәлімдемесін айыптап, оның сөздерінің олимпиада қағидаларына қайшы екенін хабарлады. Жапондық саясаткер өз қателігін мойындап, көпшілік алдында кешірім сұрады. Бірақ бұл Моридің отставкаға кетуі туралы талаптарға тоқтау болмады. Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, ол отставкаға кеткеннен кейін ұйымдастыру комитетін Олимпиада ауылының мэрі және 84 жастағы жапон футбол қауымдастығының (JFA) бұрынғы басшысы Сабуро Кавабути басқарады. Айта кетейік, бұған дейін Жапония билігі Олимпиада ойындарының күшін жою туралы қауесетті жоққа шығарып, Covid-19 пандемиясы кезінде Токиода олимпиада өткізу ережелерін ұсынды.