Алматы соты Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған төрт адамға алты жыл түрме жазасын берді. Бұл туралы Азаттыққа 24 мамырда қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Төртеуі де өткен аптада “Тонау” бабының 3-тармағы негізінде қозғалған бір қылмыстық іс бойынша сотталған. Қылмыс “төтенше жағдай кезінде жасалғандықтан” жаза ауырлаған. Істің басқа да мән-жайы хабарланбады. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Баспасөз қызметінің мәліметінше, 16-20 мамыр аралығында Алматының қылмыстық соттарында 11 үкім шыққан. Он істегі 17 адам бас бостандығынан айрылған. 11 істің тоғызы “Ұрлық” бабы негізінде қозғалып, 15 адамның ісі қаралған.