Нұр-Сұлтан сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаевтың жекеменшік ұшағына байланысты тексеріс басталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Нұр-Сұлтан бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жоғарғы Сотының ішкі қауіпсіздік бөлімшесімен бірлесіп, Нұр-Сұлтан сотының төрағасы Бәрпібаевқа қатысты тексеру жүргізіп жатыр. “Бүгінгі таңда жекеменшік ұшақты Бәрпібаевтың құдасы болып келетін бизнесмен өзі және отбасы үшін медициналық операция жүргізу үшін Германияға бару мақсатында жалға алғаны анықталды. Бизнесменнің Германия клиникаларының бірінде медициналық қызмет алуы және ұшаққа жеке өзі ақы төлеу фактісі құжат арқылы расталған. Бәрпібаевқа келетін болсақ, ол әйелімен бірге осы чартерлік рейстің жолаушылары болған. Ол да медициналық тексеру үшін ұшқан. Аталған факті бойынша тексеру жалғасуда”, – делінген ведомство хабарламасында.