Нұр-Сұлтан сотының төрағасы қызметінен босатылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тілектес Бәрпібаевты Нұр-Сұлтан сотының төрағасы қызметінен босатты. Бәрпібаев бұл қызметте 10 жылға жуық отырды. Ол бұған дейін Алматы сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болды. Ал 2013 жылы Астана қалалық сотының төрағасы қызметіне тағайындалған. Бәрпібаевтың басы 2020 жылдың көктемінде дауға қалған. Әлемде пандемия басталып жатқанда ол қаннан-қаперсіз, әрі емін-еркін жеке ұшақпен Германияға барып келген. Сөйтіп ол жақтан коронавирус жұқтырып, оны елге әкелді деген дауға қалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сол кезде тексеру жүргізіп, жеке ұшақты Тілектес Бәрпібаевтың құдасы жалдағанын анықтаған еді. Тоқаев Нұр-Сұлтан сотының төрағасынан басқа тағы 19 судьяны қызметінен босатты.