Түркістан облысы Сарыағаш ауданы білім бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды. Одан бөлек, қылмысты ұйымдастыруға көмектескен үш ер адам 10 және 13 жыл аралығында жаза арқаласа, оқ атқан жалдамалы адам 12,5 жылға сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Еске салайық, биыл қаңтарда журналист Амангелді Батырбековтің үйіне киллер келіп мылтықпен атқан. Бірақ жалдамалы киллер журналисті оның ұлымен шатастырып алған. Денесіне бірнеше оқ тиген 31 жастағы жігіт ауыр жарақат алып, емделіп шыққан болатын. Көп ұзамай шабуыл жасағандар ұсталды. Қолға түскендер 5 миллион теңгеге кісі өлтіруге Бауыржан Майрихов тапсырыс бергенін айтқан. Себебі шенеунікке журналистің өзі туралы бірнеше өткір мақала жазғаны ұнамаған.