Абай облысындағы жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері енді шалғайдағы ауылдарға кешікпей барады. Өңірдің медицина мамандары бұған дейін «АН-2» ұшағымен алыстағы елді мекендерге екі-үш сағатта жететін. Ал денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы сыйға тартқан «L-410» лайнері екі есе жылдам. Ұшақ бір мезетте 5 дәрігерді қоса алғанда 3 науқасты тасымалдайды. Әуе кемесі 1000 шақырымға дейін және 50 градусқа дейінгі суық пен ыстықта да ұша алады. Жаңа ұшақпен 4 науқасқа көмек көрсетілді. Аймақтың санитарлық авиация қызметі былтыр 185 рет ұшып, 222 адамға медициналық жәрдем ұсынған. Оның 75-і – бала. Сондай-ақ Семейдің белді дәрігерлері аудандарға барып, 14 күрделі операция жасаған.