Елімізде есірткі бизнесімен күресте жасанды интеллект жүйесі іске қосылмақ

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Үкімет сағатында осылай деді. ««Киберқадағалау» жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеу арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіледі. Есірткі таратушылар арасында «Телеграм» мессенджері танымал. Олар бір-бірін танымайды, барлық байланыс «боттар» арқылы жүргізіледі. Бұл тұрғыда бізге кибер-волонтёрлер және басқа да белсенді азаматтар көмектесіп жатыр»,- деді министр Ержан Саденов. Жұмысқа жасанды интеллектті қосу үшін ведомствоның есірткіге қарсы штабына IT-мамандар қосылады. 2020 жылдан бері электрондық ақшаның анонимді иелері арасында аударымдар жасауға тыйым салынып келеді. 2020 жылы интернет арқылы есірткі таратқаны үшін жаза күшейтілді. Есірткіні жарнамалағаны және насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.