Үкімет бензин бағасына енгізілген мораторийдің аяқталатын уақытын атады.
Бұған дейін үкімет АИ-92 бензині мен дизель отынының бөлшек сауда бағасына уақытша мораторий енгізген болатын. Мораторийдің нақты мерзімі бекітілмей, тек «инфляция тұрақталғанға дейін» деп көрсетілген еді.
Енді қолданыстағы мораторий 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Айта кетейік, мораторий бойынша бензин бағасы литріне 213–239 теңге, ал дизель отыны 317–337 теңге аралығында болуы тиіс. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тарапынан күнделікті мониторинг жүргізіліп, қажет болған жағдайда монополияға қарсы шаралар қабылданады.
