Алматы қаласында қысқы маусымда 11 әлеуметтік тегін мұз айдыны ашылады.
Қазір 11 нысанның алтауында мұз құю және техникалық дайындық жұмыстары басталып кетті. Ал қалғандарында қажетті шаралар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Нысандар толық техникалық дайындықтан өткеннен кейін кезең-кезеңімен қолданысқа беріледі. Бұл туралы Алматы қаласының спорт басқармасы хабарлады.
Бұдан бөлек, шаһарда 10 коммерциялық мұз айдыны жұмыс істейді. Желтоқсан айында алғашқы мұз алаңдары ашыла бастайды. Оның нақты мерзімі ауа райы мен температураға байланысты анықталады.
Әлеуметтік мұз айдындарының маусым бойы жұмыс істеуі үшін 435 миллионнан астам теңге бөлінген. Қала тұрғындары бұл игілікті келер жылдың ақпан–наурыз айларына дейін пайдалана алады.
Сырғанауға арналған мұз алаңдары әр ауданда орналасады. Олардың мекенжайлары:
- Алатау ауданы – «Алматы Арена»
- Бостандық ауданы – Тұңғыш Президент саябағы; Тұңғыш Президент Қоры саябағы (Ганди көшесі)
- Медеу ауданы – Республика сарайы; «Халық Арена»; 28 панфиловшылар саябағы
- Наурызбай ауданы – аудан әкімдігі аумағы
- Түрксіб ауданы – С. Сейфуллин атындағы саябақ
- Жетісу ауданы – «Kokjiek Garden» және «Гүлдер» саябақтары
- Алмалы ауданы – КБТУ автотұрағы
