Қазақстан ғалымдары ғарыш қоқысын жоюдың жаңа тәсілдерін ұсынды.
Ғылыми жоба жиналған қоқысты орбитадан шығару әдістерін зерттеуге бағытталған. Оның мақсаты – ғарышта бақылаусыз ұшып жүрген ірі нысандардың қозғалысын баяулату. Жылдамдығы азайған ғарыш қоқысы төменгі орбитаға түсіп, соңында Жер атмосферасында жанып кетеді.
Айта кетейік, Жер маңындағы орбитадағы ғарыш қоқысы GPS навигациясына, байланыс жүйелеріне және ауа райын болжауға тікелей әсер етуі мүмкін. Назарбаев Университетінің ғалымдары осылай деп мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Жер орбитасында көлемі 10 сантиметрден асатын шамамен 30 мыңға жуық ғарыш қоқысы бар. Олардың қатарында істен шыққан спутниктер, зымырандардың жоғарғы бөліктері және әртүрлі металл сынықтары кездеседі.
«Бұл нысандар секундына бірнеше шақырым жылдамдықпен қозғалады. Сондықтан олардың соқтығысуы жаңа, одан да ұсақ қоқыстардың пайда болуына және орбиталардың одан әрі ластануына себеп болуы мүмкін», – деді Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің өкілі Дмитрий Сизов.
