Ауыз бекітудің негізгі мақсаты – ой мен жүректі түрлі дерттен тазарту, ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді. Ол ел азаматтарына Рамазан айына орай үндеу жасады.
«Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға шақырамын. Рамазан айына сәйкес келетін құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа қолайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Ал дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз», – деді Бас мүфти өз үндеуінде.
