Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ата заң күніне өзгерістер енгізілуіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады. Егер жаңа Ата заң референдумда қабылданса, мереке күні өзгереді.
Жаңа Конституция жобасының «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын соңғы бөлімінің 94-бабының 1-тармағына сәйкес, республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы биыл шілде айынан бастап күшіне енеді. Осы мезеттен бастап бұрын қабылданған Конституцияның күші жойылады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
