Елімізде жұмыссыздық бойынша жәрдемақы мерзімі қысқарады.
Қазір әлеуметтік төлем мерзімін төрт айға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін төлемге қатысты жаңа өзгерістер әлеуметтік сақтандыру жүйесін ашық әрі автоматтандыруға бағытталған, – деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Енді табыс мөлшері күмәнді болса немесе қате деректер енгізілсе, төлемдер бірден кері қайтарылады. Сонымен қатар, банк шотында үш ай бойы қозғалыс болмаса, төлем уақытша тоқтатылады.
Қазіргі таңда 185 мыңнан астам азамат жәрдемақы алып отыр. Олардың басым бөлігі көмекті алты ай бойы пайдаланып келген. Реформа қысқа мерзім ішінде қайта жұмысқа орналасуға ынталандыруды көздейді.
