Есірткі сатады деген күдікті полицейлер ұсталды

Есірткі сатады деген күдікті полицейлер ұсталды. Оларды ұстау үшін Шуда арнайы операция жүргізілді. Оны Жамбыл облысы өзіндік қауіпсіздік басқармасы және арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлері ұйымдастырды. Басқарма мамандары тексеру кезінде күдіктілердің есірткі сату үшін Құмөзек ауылына шығатынын анықтайды.

Қылмысты тоқтату үшін құқық қорғаушылар Шу-Тараз автожолын жауып тастады. Алайда күдіктілер отырған көлік жүргізушісі арнайы бөлімшенің қызметкерін әдейі қағып өтеді. Содан ол ауыр жарақат алады. Қаруланған күдіктілер жылдамдықты асырып, қашуға тырысқан. Көліктегілер полицейлердің ескерту үшін атқан оғын елемеген.

Ақыры соңында күдіктілердің екеуі жарақат алды. Біреуі ауруханада қайтыс болды. Екіншісіне стационарда көмек көрсетілді. Ал ұсталған үшіншісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.