Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Алматы көшелеріндегі ағаштардың оталғанына қатысты президенттің қандай тапсырма бергенін хабарлады. “Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды”, – деп жазды Уәли Facebook парақшасында. Айта кетейік, кеше Алматы тұрғындары орталық көшелердің бірінің бойындағы ағаштардың кесілуіне қатысты наразылық білдірді. Ағаштар сенбіден жексенбіге қараған түні Төле би көшесінің бойында Әуезов пен Жароков көшесі арасындағы аймақта кесілген. Ол жерде тоғыз емен мен төрт шегіргін діңгегі табылды. Ал Алматының жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесуге рұқсат бермеген.