Ақмола облысында 7 қарашадан бастап карантин күшейтіледі

Ақмола облысында 7 қарашадан бастап карантин күшейтіледі. Бұл облыста коронавирус таралуының алдын алу мақсатында қолға алынып отырған шара. Облыстың бас мемлекеттік санитария дәрігері Айнагүл Мусинаның айтуынша, соңғы екі аптада науқастар саны Ақмола облысы бойынша 2,2 есеге және Көкшетау қаласы бойынша 3,5 есе өскен. Осыған байланысты облыстың елді мекендерінің аумағында 21:00-ден 6:00-ге дейінгі уақытта тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу енгізіледі. Музейлердің, кітапханалардың, театрлардың, кинотеатрлардың, діни нысандардың қызметі тоқтатылады. Азық-түлік дүкендерінің, қоғамдық тамақтану нысандарының, такси және қоғамдық көлік қызметтерінің жұмыс режиміне шектеулер енгізіледі. Ал өзге қызмет көрсететін нысандар санитариялық нормаларды сақтай отырып, алдын ала жазылу бойынша сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді.