Алматы облысында құс тұмауы өршіді

Алматы облысында құс тұмауы өршіді. Аймақтағы ең ірі құс фабрикаларының бірінде 122 мың құс өлген. Кәсіпорында вирус өткен аптада анықталған деп хабарлайды КТК телеарнасы. Қазір індет ошағына айналған фабрика карантинге жабылды. Мамандар ауру одан әрі таралмас үшін кәсіпорында қалған 532 мың бас тауықты түгел жоюды жоспарлап отыр. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұртас Қиялбеков бұл жағдайға екпе жасауға немқұрайлы қараған компанияның тікелей өзі кінәлі екенін айтады. Айта кетейік, қыркүйек айында тіркелген жоғары патогенді құс тұмауынан осыған дейін Қазақстанның жеті облысында 870 мыңнан астам құс өлген. Еске салсақ, бұған дейін СҚО-да құс тұмауына байланысты 18 ауыл карантинге жабылған еді.