АҚШ-та мұнай мен газ қымбаттады

АҚШ-та мұнай мен газдың бағасы 7 жылда болмаған рекордтық деңгейге жетіп отыр. Мәселен, былтыр ғана бір баррелі 35 долларды құраған WTI брендінің бағасы қазір 83 доллардан асқан. Мұнай бағасының 140 проценттік өсімі бензиннің қымбаттауына да әсер етті. Мәселен, АҚШ-та оның бір галлоны орташа есеппен 3 доллар 40 центті құрап отыр. Демек, біздің теңгеге шаққанда бензиннің бір литрі 387 теңгеден келеді деген сөз. Бұл 2014 жылдан бері болмаған көрсеткіш дейді мамандар. Мұнай-газ бағасын қадағалайтын құзырлы органдардың ақпараты бойынша АҚШ-тағы ең жоғары баға Калифорния штатында тіркеліп отыр. Онда бір галлон 4,5 доллардан асады.