Ақтөбеде хром қоспасы зауытындағы бес жұмысшының өліміне қатысты сот үкімі шықты

Өз міндетіне салғырт қарады және еңбек қауіпсіздігін сақтамады деп айыпталған цех басшысы мен екі шеберді судья ақтап шығарды деп хабарлайды КТК телеарнасы. Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, осы күнге дейін қаладан шықпау туралы қолхатпен жүрген сотталушылардың қайғылы оқиғаға қатысы жоқ деп табылған. Судья қаза тапқан жұмысшылардың өздері еңбек қауіпсіздігін сақтамаған деген тоқтамға келіпті. Марқұм болған жұмысшылардың туыстары сотталушыларға кешірім берді. Екі марқұмның  аналары өтемақы сұраған болатын. Алайда олардың бұл талабы қанағаттандырылмады. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың 28-мамыр күні Ақтөбе хром қоспалары зауытының №4 цехында тіркелген қайғылы жағдайдан төрт адам оқиға орнында қаза болып, екі адам жансақтау бөліміне түскен болатын. Кейінірек ауруханаға жеткізілген тағы бір жұмысшының көз жұмғаны хабарланды.