Ақтөбеде ұсталған мәслихат депутаты Аркадий Ни “Нұр Отаннан” шығарылды

Ақтөбеде облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Аркадий Ни күдікке ілініп, ұсталғаннан кейін “Нұр Отан” партиясы қатарынан шығарылды. Бұл ақпаратты партияның Ақтөбе облыстық бөлімшесі хабарлады.

“Нұр Отан” таратқан мәліметке қарағанда, Аркадий Ни “заңға қайшы әрекет жасаған”. Бірақ партияның Ақтөбедегі бөлімшесі Ниге нақты қандай айып тағылып отырғанын айтпады. Жергілікті полиция да, прокуратура да Аркадий Ниге қандай айып тағылғанын жария етпей отыр.

Аркадий Нидің ұсталғанын алғашқылардың бірі болып бір күн бұрын Телеграмдағы “шенеунік.кз” арнасы хабарлаған. Телеграм-арнаның мәліметінше, Ни Қылмыстық кодекстің 122-бабы (“Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау”) бойынша күдікке ілініп отыр. Оны полиция 5 желтоқсанда Ақтөбе әуежайында ұстаған. Онда Нидің айыптарды толық жоққа шығарғаны жазылған. Алайда ресми орындар бұл ақпаратты әзірге растамады.