Қаңтар оқиғасына қатысты Алматыда 25 адамға сот үкімі шықты.

Соттың мәліметінше, 25 айыпталушы 2022 жылдың 4-5 қаңтар аралығында Алматы қаласының әр жерінде жаппай тәртіпсіздікке қатысып, аса ірі мөлшерде ұрлық жасаған, тұрғын үй, қызметтік және өндірістік үй-жайға заңсыз кіріп, ірі залал келтіре отырып көлік құралдарын айдап әкеткен. Бұл туралы Sputnik порталы хабарлайды. Сотталушылар қауіпті өндірістік нысаның аумағына, арнайы органдар күзететін басқа да нысандарға заңсыз кіріп, айтарлықтай залал тигізді деп айыпталып отыр. Олардың алдын ала сөз байласу арқылы атыс қаруларын ұрлап әкеткені және жаппай тәртіпсіздік кезінде билік өкілдерінің денсаулығына залал тигізіп, олардың мүлкін бүлдіріп, жойғаны анықталды. Сот шешімі бойынша, 20 азаматқа рақымшылық заңы қолданылып, 9 айдан 1 жыл 9 айға дейінгі мерзімге шартты жаза тағайындалды. 4 тұлғаға рақымшылық туралы заң қолданылып, олар жазадан босатылды. Бір азамат қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.Үкім заңды күшіне енген жоқ.