Ақтауда тұрғындар мен шенеуніктердің кездесуі төбелеске ұласа жаздады

Ақтауда үлескерлер мен шенеуніктердің кездесуі төбелеске ұласа жаздады. Тұрғындар құрылысқа миллиондап ақша салған, алайда үй бірнеше жыл бойы пайдалануға берілмеген. Ашуға булыққан олар құрылыс салушыларды жазалауды сұрап отыр. Одан бөлек, мұнда бір пәтерді бірнеше клиентке сатқаны анықталды деп хабарлайды “Астана” телеарнасы. “Гаухар ТАС” тұрғын үй кешенінің орнына үлескерлер бірнеше жыл бойы сырты қоршалған төртқабатты ғимарат көріп отыр. Құрылыс салушы нысанды өткен жылы өткізуге уәде берген. Үлескерлер компания бірде пандемияны, бірде блок жоқтығын себеп еткенін айтып отыр. Одан бөлек, құрылыс салушылар адамдар күткен уақытта бір пәтерді бірнеше клиентке сатқаны анықталды. Светлана Мамбетованың сөзінше, тұрғын үй алаңына тағы бір адам үміттеніп отыр. Бір пәтердің бес иесі бар жағдайлар да кездескен. Ал басқа үлескер Баян Үмбетова адамдардың ақшасын қайтарамыз деп алдап кеткенін айтады. Қазір компания үнемі кеңсесін ауыстыруда. Осы мәселеге байланысты, 300-ге жуық адам облыстық әкімдікке митингіге шықты. Шенеуніктердің айтуынша, бұл жағдайда құжаттарды мұқият тексермеген сатып алушылардың өзі кінәлі. Ал биліктегілердің қолы байлаулы.