Алматы облысында онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі өндірілмек.
Үкімет Алматы облысындағы «Алатау» АЭА аумағында құны 32,5 миллиард теңге болатын толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz.
Жеке инвестициялардың жалпы көлемі – 32,5 миллиард теңге. Жаңа өндіріс жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды локализациялауға және дамытуға бағытталған.
«Фармацевтикалық зауыт дәрілік препараттың 20 түрін шығаруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілер, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық препараттар бар. Кәсіпорынды іске қосу 2031 жылға, жобалық қуатқа шығу 2032 жылға, ал негізгі бағыттар бойынша толық циклге көшу 2034 жылға жоспарланған», – деп мәлімдеді Үкімет.
