Алматыда қол астындағы қызметкерін ұрған полицей жұмыстан қуылды

Алматы полиция департаменті қол астындағы қызметкерге қол көтерген полицейдің ішкі істер органдарынан шығарылғанын хабарлады. Алматы полициясының бастығы Қанат Таймерденовтің айтуынша, жедел тәртіптік комиссия өткізіліп, оның шешімімен Наурызбай аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры К. Жақыпбаев полиция бөлімінің беделін түсіргені және “Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің этикалық кодексі” нормаларын бұзатын әрекетті жасағаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар бұл бөлімнің бірқатар басшысы қызметінен босатылды. Таймерденов өзіндік қауіпсіздік басқармасы бұл фактіні Қазақстан Қылмыстық кодексінің 362 бабы – билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркегенін айтты.