Алматыда сот шешімімен бірқатар сауда алаңы мен кафе сүріледі

Бұл нысандар Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысындағы мемлекеттік қордың жерінде орналасқан. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады. Бұл учаскені кәсіпкер жалға алу құқығында үш жыл мерзімге иеленген. Жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін кәсіпкер жер телімін мемлекеттік қорға қайтаруы керек еді, бірақ ол мұны өз еркімен жасаудан бас тартты. Сондықтан Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы сотқа тиісті талап арызбен жүгінді. Нәтижесінде сот өз бетінше салынған нысандарды сүріп, учаскені жалпы пайдалануға қайтару туралы шешім қабылдады. Таяуда Алматы қаласы әділет департаменті сот орындаушыларының нысандарды бұзу күнін белгілейді.