Алматыдағы блокбекеттегі жол апатына кінәлі экс-полицей 10 жылға сотталды

Алматыдағы блокбекеттегі жол апатына кінәлі экс-полицей 10 жылға сотталды. Қарасай аудандық соты екі полицейді қағып өлтірген Азат Азаматовқа осындай үкім шығарды деп хабарлайды Tengrinews.kz. Сонымен қатар, сот Алматы полиция департаментіне келтірілген материалдық шығын, бүлінген полиция автокөлігі үшін 5,4 миллион теңге төлеуді міндеттеді.

Ал жәбірленуші Динара Аманның пайдасына Азат Азаматов баласы 18 жасқа толғанға дейін бір миллион теңге моральдық шығын және 36 миллион теңге төлеуі керек болады. Ал қаза тапқан бірінші полицейдің әкесінің пайдасына бір миллион теңге моральдық шығын, 2,8 миллион теңге материалдық шығын, екінші полицейдің әйелінің пайдасына үш баласының 18 жасқа толғанға дейін 15 миллион теңге өндіріп алынатын болады. Еске салайық, биыл 25 мамырда Көксай ауылындағы блокбекеттердің бірінде екі полицей қаза тапқан еді.