Алматыдағы Райымбек даңғылында BRT желісі болады

Алматыдағы Райымбек даңғылында BRT желісі болады. Мәслихат отырысында қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин хабарлағандай, 2025 жылға қарай қазіргі BRT желісін «Шығыс қақпа» полиорталығына (Құлжа тас жолында салынады) дейін ұзартып, Райымбек даңғылында жаңа жүрдек автобус жолағын іске қосу жоспарланып отыр. Шенеунік 2025 жылы «Қалқаман» метро бекеті пайдалануға беріліп, батыс бағыттағы келесі үш бекеттің құрылысы басталатынын айтты. Ал 2027 жылы Төле би көшесі бойында алғашқы жеңіл рельсті көлік желісі (LRT) іске қосылады. Әкім орынбасары тұрғындарға ыңғайлы болу үшін 2024 жылға дейін қазір қолданыстағы 22 автобус бағытымен байланысты 30 жаңа қала маңы бағыты ашылатынын айтты. Бұл қала маңында тұратын халықты жеке көліктен бас тартуға ынталандырады. Бағыттардың тарифі қаламен бірдей болады.
Осы ретте, 2027-2028 жылдары агломерациядан келетін автобус бағыты мен автотұрағы бар төрт: «Батыс» («Барлық» базары), «Райымбек батыр» («Алматы-2» вокзалы маңы), «Алматы-3» (жаңа Боралдай вокзалы), «Шығыс қақпа» (Құлжа тас жолында) қатынас торабы пайдалануға беріледі. Әмрин 2023 жылы қалада жаңадан үш жанармай бекеті ашылатынын айтты. Сондай-ақ 2025 жылы пайдалануға берілетін екі жаңа коммуналдық автопаркте газ құятын бекет болады. Шенділер экологияны жақсарту мақсатында инвестор тартып, электромобильге арналған инфрақұрылымды дамытуды жоспарлап отыр. Әкім орынбасарының айтуынша 2025 жылға дейін Алматыда 60 шақырым жаңа веложол салынады. Ал 2030 жылға қарай мегаполистегі веложол мен веложолақ ұзындығы 125 шақырымға жетеді.